Сырдария аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты мәдени шара


Сырдария аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ақпан айының 14 жұлдызында «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты кең көлемді мәдени шара өткізілді. Мәдени шараға жиналған көпшілік қауым ең алдымен «Қазақтың даңқын әлемге танытқан ұлы Абай» атты тоғыз бөлімнен тұратын кітап көрмесімен танысты. Мәдени шараның жалғасында кітапхана қызметкерлері дана ғұламаның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңін үш тілде жатқа оқып, қара сөздері мен аудармаларын, табиғат лирикасы мен басқа да сан-салалы шығармашылығын қамтыды. Мәдениет үйінің қызметкерлері Н.Тұранов пен Д.Жакишева орындаған «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» өлеңдері кеш ажарын аша түсті. Әсіресе «Абай әлемі» атты шағын сахналық көрініс халық назарына айрықша ілінді. Шара барысында аға буын өкілі ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Үсенұлы, ардагер апай Ә.Масилова және «Нұр Отан» партиясының Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов, «Тіршілік тынысы» газетінің жауапты тілшісі Ш.Нұрсейтов сөз алып, ұлы тұлғаның жақұт жырлары мен ғибратқа толы қара сөздерінің ешқашан ескірмейтінін, қайта жыл өткен сайын жарқырап, ұрпақтан –ұрпаққа мұра болып қала беретінін, сонымен қатар ақынның құлақтан кіріп бойды алған керемет өлеңдері әрбір исі қазақтың жанына жақын, жүрегіне жылы тиетін дүниелер екенін зор қошеметпен жеткізді. Мәдени шараны қорытындылаған мекеме басшысы Г.Нұржакиева ғұлама энциклопедист ғалым А.Байтұрсыновтың «Абай қазақтың бас ақыны» деп ең жоғары баға бергенін тілге тиек ете отырып, ұлы Абайдың осы тұғырдан қазірде түспегенін жеткізді. Мәдени шара ақынның «Өлді деуге бола ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген өз сөзімен түйінделді.