Жетікөл ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен «Алтын Орданың қалыптасу тарихы» атты тақырыптық кеші


Жетікөл ауылдық модельді кітапханасының оқу залында Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толуына орай «Алтын Орданың қалыптасу тарихы» атты тақырыптық кеш кітапхана оқырмандары мен №174 орта мектептің 8-9 сынып оқушыларының қатысуымен өткізілді. Мақсаты: Алтын Орда – Жощы ұлысының орнына құрылған алғашқы ірі мемлекеттердің бірі екенін және Алтын Орданың қалыптасу тарихы, жүргізген ішкі –сыртқы саясаты мен экономикалық даму ерекшеліктерін, қоғамдық құрылысы мен оның әлсіреуі туралы мағлұмат беру, жастарды өз Отанына деген патриоттық сезімде тәрбиелеу. Шара барысында кітапханашы кешті кіріспе сөзбен ашып, Алтын Орда – Жошы ұлысының орнына құрылған алғашқы ірі мемлекеттердің бірі болғанын, Жошы ханның баласы Батый (Бату) ханның кезінде Орда Алтай тауынан Дунай өзеніне дейінгі ұлан –ғайыр жерді алып жатқан үлкен мемлекет болғаны жайлы айтып мағлұмат беріп өтті. Одан соң кешке қатысушы кітапхананың тұрақты оқырманы Қалкөзов Тимур Алтын Орда – Еуразия далаларында ХІІІ ғасырда пайда болған Шыңғыс хан ұрпағы мемлекеті екеніне тоқталып, оның құрылу тарихы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының үлес –иелігінің қалыптасу тарихымен байланысты екенін және Бату өз әкесінің бүкіл үлесінің жоғарғы әміршісі болғаны жайлы, Монғол империясында беделі мен ықпалы өте зор болғанын да айтып өтті. 8 сынып оқушысы Тұрсынәлі Ұлан да Алтын Орданың қалай құрылғаны жайлы өз ой –пікірін қосты. Бату хан әйгілі батыс жорғынан 1243 жылы Жайық пен Еділ – қос өзеннің аралығына оралып, тарихқа Алтын Орда деген атпен енген өз империясының іргетасын қалағанын, оның шаңырағы көтерілген жер Еуропа мен Азияның түйіскен жері екенінен хабардар етті. Сондай-ақ Бату ханның ортағасырлық ең қуатты дала империясының негізін салған алып мемлекет болғанын атап өтті. Шара барысында 8 сынып оқушысы Нұрланқызы Сандуғаш, клуб қызметкері Бажиева Құндыз, Досмағамбет Ақылжан да осы Алтын Орданың қалыптасу тарихына байланысты ойларын ортаға салып, Ұлы Далада екі жарым ғасырдан астам билігін жүргізген Алтын Орда тарихының тым тереңде жатқанын, бүгінгі мәдени шарадан көп мағлұматтар алғанын жеткізді.Кітапханашы Алтын Орда тарихынан көптеген мәліметтер табылатын «Хандығымыздың бастауы –Алтын Орда» атты кітап көрмесімен таныстырып, шолу жасады. Нәтижесінде 2 оқырман тіркеліп, 5 кітап оқуға берілді.