Жетікөл ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен «Жан жылуын сыйлаған ақын» атты жыр сағаты


Жерлесіміз, кіндік қаны Жетікөл ауылында тамған, ақын Ибрагим Исаевтың шығармашылығына арналған «Жан жылуын сыйлаған ақын» атты жыр сағаты «Дауыстап оқу» жобасы аясында кітапхананың тұрақты жас оқырмандарының қатысуымен өткізілді. Шара барысында кітапханашы ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып, оның әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары «Таң алдындағы ән», «Сағым дүние», «Жан жылуы» және «Сырдария кітапханасы» топтамасымен шыққан «Шығармаларының» екі томдық кітабымен таныстырды. Жетікөл ауылының тумасы болғандықтан болар, жас оқырмандар А.Алматқызы, Г.Маратқызы, Н.Мәлік, Н.Бақытхан, М.Мұратқызы, Ж.Абдималиковалар ақынның «Туған жер», «Атамекен», «Қайырымдылық», «Ана тілім», «Сөз қадірі», «Жан жылуы», «Туған жерге тағзым» атты өлеңдерін аса қызығушылықпен мәнерлеп жатқа дауыстап оқыды. Мәдени шарада жас оқырмандар ақынның өзіміздің ауылдың тумасы болғанына қуаныштарын білдіріп, өлеңдерін оқуға ынта білдірді. Айта кететін болсақ жас оқырман Н.Мәлік ақынның «Жан жылуы» кітабын оқуға алды. Нәтижесінде кітапханаға екі оқырман тіркелді. Шара соңында «Жүрек сырын шерткен ақын» атты кітап көрмесі таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды.