Сырдария аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы» атты тақырыптық кеші


«Бір ел- бір кітап» республикалық акция аясында ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымының докторы, Қазақстанның халық жазушысы Әбділдә Тәжібаев шығармашылығына арналған «Қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы» атты тақырыптық кеш өткізілді. Мәдени шараны кіріспе сөзбен ашқан жүргізушілер «Өлке болып оқимыз» жобасының маңыздылығы жөнінде әдемі кестелі сөздермен жеткізе отырып, биыл 2019-да «Жыл таңдауы» иегерлерінің бірі, арқалы азамат Әбділдә Тәжібаев жерлес ақын ағамыздың болуы біз үшін аса қуанышты жағдай екеніне тоқталып өтті. Мәдени шара барысында жыры шақпақ тасқа ұрғандай, ұшқын төгіп тұратын ақын жырлары жатқа айтылып,келешек ұрпақтарға заңды мөр басып айқын көрінетіндей етіп жазып қалдырған, зиялы қауым М.Әуезов,С.Мұқанов, Б.Момышұлы, Ә.Қоңыратбаев, Ф.Оңғарсыновалардың ыстық лебіздері оқылды. Сонымен қатар мәдени шараға белсенді ат салысып қатысып отырған агроколледж студенттері арасындағы кітапхананың тұрақты оқырмандары Қуаныш Сымбат пен Кочерещенко Елена ақынның «Қазақстан» және «Сырым менің сырласым» атты өлеңді нақышына келтіре жатқа оқыды.Ал кітапханашы Л.Серікбаева «Сырдария» атты өлеңін қазақтың қара домбырасымен орындап, көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ия ауқымы кең ақын шығармашылығы жайлы бір мәдени шара көлемінде айтып түгесу мүмкін емес, алайда жыл бойына жоспарланған «Бір ел – бір кітап» акция аясында әлі талай жүйе бойынша көптеген шаралар өткізіліп, оқырмандар арасында насихатталады деген сенімдеміз. Бұған бүгінгі күні жүйеге қарасты ауыл кітапхана қызметкерлері Гүлнәр Жұмаділова, Қызғалдақ Алдабергенова, Сауле Найзатаева,Оралкүл Әлкеновалардың сахна төріне озып, ақын өлеңдерін шалқар шабытпен жатқа оқыған өлеңдері куә болғандай. Мәдени шараға қатысып отырған бөлім басшысының қызметін уақытша атқарушы Ердаулет Утебаев шараға қатысушыларға, соның ішінде әсіресе жастарға осындай мәдени шараларға әрқашан атсалысып, өркениет көкжиегінің кеңеюіне бірге үлес қоса беріндер деп алғысын білдірсе, мекеме басшысы Гүлстан Нұржакиева ақын өмірінің ащы жақтары көп болса да ешқандай мойымай, артына мол мұра қалдырған ерен еңбегін үлгі тұта сөйлеп, адамзат баласына рухани азық болатын асыл қазына кітаптарды назардан тыс қалдырмай оқып жүрейік,сіздер үшін кітапхана есігі әрқашан ашық дей отырып, мәдени шараны қорытындылады. Мәдени шара соңында «Жыр дариясына айналған ақын» атты кең көлемді кітап көрмесі таныстырылып, 3 оқырман жаңадан жазылды.