Аудандық орталық кітапханада «Даналық дәстүрді жалғастырған ақын» атты әдеби-жыр кеші


Аудандық орталық кітапханада «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында 2020 жыл таңдауы иегері Сейітмұрат Ембергеновтың шығармашылығына арналған «Даналық дәстүрді жалғастырған ақын» атты әдеби-жыр кеші өтті. Мәдени шараны кіріспе сөзбен ашқан жүргізуші С.Сейтен кеш шымылдырығын жүрегінен ізгілік, жүзінен имандылық төгіліп өткен ақын ағаның төрт қатар тамаша өлең жолдарымен түрді. Мәдени шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов, ақынның қызы А.Ембергенова, ақынның өмірдегі әрі өнердегі досы болған О.Бесбаевтың қызы Г.Оразбекова, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ш.Нұрсейітовтар қатысып, кеш бойы тағылымды әңгіме өрбітіп отырды. Ақын немерелері А.Еркебұланова мен Е.Нұржігіт асқар таудай аталарына арнап жазған жүрек жарды «Арнау» өлеңдерін оқып, ұрпақтар сабақтастығынын үлгісін көрсетті. Шара барысында жергілікті композитор, бірнеше әндердің авторы С.Бәудәулетов сөз алып, кезінде С.Ембергеновтың «Қызылорда жастары» атты өлеңі сонау Эстония жерінде шырқалып, аса жоғары бағаланғанын тілге тиек ете отырып, ақынның сөзіне жазылған «Өз үйім», «Сырдария –Жырдария»әндерін орындап кеш шырайын аша түсті. №210 мектептің ұстазы Ф.Қаражановамен бірге келген «Тіл дарын» үйірмесінің жастары Ж.Иманбекова, С.Сағынова, С.Қанатқызы «Қазақпын», «Әлімсақтан мұсылманмын», «Қалжан ахун», «Парасат» атты т.б өлеңдерін нақышына келтіре жатқа оқып, көрермен қауымның көңілінен шықты. Мәдени шараны қорытындылаған мекеме басшысы Г.Нұржакиева 2016 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Өлке болып оқимыз» жобасының мақсатын айқындай айтып, биыл жыл бойына барлық жүйеге қарасты кітапханаларда С.Ембергеновқа арналған түрлі- мәдени шаралар ұйымдастырылып, оқырман қауымға кеңінен насихатталатынын жеткізді.