Қожа Ахмет Йасауидің туылғанына-925 жыл толуына орай «Қожа Ахмед Йасауи және қазақ руханияты» тарихи-таным кеші


Қожа Ахмет Йасауидің туылғанына-925 жыл толуына орай «Қожа Ахмед Йасауи және қазақ руханияты» тарихи-таным кеші
Айдарлы ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Туған жер- туған ел» атты бағдарламасын насихаттау мақсатында Қазақстанда тұңғыш сопылық, тақуалық, діни-мистикалық өмірді уағыздаған діндар, кұран сөзін, оның негізгі канондарын түрік тілінде өлеңмен баяндаған тұңғыш ақын, әулие Қожа Ахмет Йасауидің туылғанына- 925 жыл толуына орай «Қожа Ахмед Йасауи және қазақ руханияты» атты тарихи – таным кеш өткізіліп, барлығы 35 адам қатысты. Мәдени шараға ауыл әкімі Ғ.Өтепбергенұлы, аудандық мәслихат депутаты Ж.Нәлібаева, ауылдың құрметті азаматтары, ауыл зейнеткерлері, аудандық кітапхана қызметкерлері, мектеп мұғалімдері және мектеп оқушылары қатысты.
Кешті ауыл әкімі Ғани Өтепбергенұлы Еліміздің даму жолдары мен Мәңгілік ел болу жолындағы көптеген жұмыстарға тоқталып, қазіргі таңдағы өзіміздің ұлттық рухани жаңғыру уақытының жастар үшін үлкен тапсырма екенін айтып шараны ашып берді.
Мәдени шарада Қожа Ахмет Йассауи- сопылық поэзияның негізін салушы ақын, күллі Күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер тұлға. Түркі тілдес халықтар арасында сопылық әдебиеттің негізін қалаушылардың бірі, есімі Ислам әлеміне мәшһүр ойшыл. Қожа Ахмет Йасауи қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға, діни қайраткер. Ұлы ғұламаның өмірі мен шығармашылығын кітапхана қызметкері Құлмаханова Раушан көпшілік қауымға таныстырып өтті.
Ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Йасауидің көне түрік тілінде жазылған «Диуани хиқмет» кітабы жайлы Айдарлы ауылының имамы Айтуған Батырханұлы сөз қозғап, хикмет кітабының мәні, өзегі адам екенін, адам жоғары деңгейде өмір сүру үшін білімді игеру керектігін, адам өзін-өзі тану арқылы Хақты таниды деген тұжырымды ойларын жеткізе отырып, жастарды имандылыққа шақырды.
Қожа Ахмет Йассауидің хикметтерін ауыл студенттері: С.Раушанбек, А.Төреханов, мектеп оқушылары: С.Сақтапов, Е.Анарбай, Н.Жомартовтар мәнерлеп жатқа оқып берді. Шара барысында Қожа Ахмет Йасауидің Түркістандағы кесенесі жайлы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Рахманқұлова Әсия апай Қожа Ахмет Йассауидің кесенесі жайлы айтып мағлұматтар берді.
Кеш барысында аудандық мәслихат депутаты Ж.Нәлібаева сөз алып, Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласы жайлы сөз қозғап, жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа шақырды Кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Нұржакиева қорытындылап, мәдени шараға атсалысып қатысқан қауымға алғысын білдіріп, осындай шаралар әлі де жалғасын табатының айтып, жастарды кітап оқуға шақырды. Кітапханашы Г.Аңдасбаева «Әлем ұлықтаған ұлы баба» атты кітап көрмесімен таныстырып, әдебиеттеріне шолу жасады.