«Суырыла сөйлер сөз зергері — Қуаныш Баймағамбетов» атты поэзия үні


Сырдария аудандық балалар кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен кітапхана фойесінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынған «Туған жер» жобасын басшылыққа ала отырып, биылғы Сырдария ауданының құрылғанына 90 жыл толуына және «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында жергілікті ақын, бастауыш мектеп мұғалімі, кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарған Қуаныш Шәкірұлы Баймағамбетовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Суырыла сөйлер сөз зергері-Қуаныш Баймағамбетов» атты поэзия үні мектеп оқушылары, ұстаздар, БАҚ өкілдері арасында өткізілді.

Жобасының негізгі мақсаты жыл сайын жергілікті ақын-жазушыларымыздың шығармаларын кеңінен насихаттап халыққа оқыту. Жобаның аясында биылғы 2018 жыл таңдауы бойынша ұсыну мақсатында, «Жыл кітабын» таңдауда ақын, жерлесіміз Қуаныш Шәкірұлы Баймағамбетовтың шығармашылығы таңдалдығын айтып, оқырмандар қауымына ақынның өмірі мен шығармашылығын жыл бойына халыққа насихаттау және оқуға шақыру.

Мәдени шараны аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Майра Балмағанбетова мен кітапханашы Сайра Сейтен жүргізіп, мәдени шараның бағдарламасы мен жобаның негізгі мақсатымен таныстырды.

Ақын Қуаныш Баймағамбетовтың өміржолы мен шығармашылығы жайында кітапханашылар кеңінен мағлұмат беріп, мектеп оқушылары Аманқос Марлен мен Нұрланұлы Нұрмұхамед Қуаныштың Баймағамбетовтың Иса ақынмен жұмбақ айтысынан, «Қуаныш пен Айтбай» айтыстарын орындап, «Сыр бойының мақтанышы» атты арнау өлеңін, «Кедейлер тойы», «Сырдың суына», «Иіркөл каналы», «Бұл зор майдан», «Сырдың суы», «Тоқсанның шығуына», «Жолдастық», «Сымбатты сұлу Сырдың сүлейлері», «Ұмытпайтын шығармын» атты өлең-жырларын Қарақат Есенкелдина, Ермағамбетова Аружан, Маханова Меруерт, Нариман Серғазиев, Ақниет Дәуітбаева, Дамир Ахметов, Қайратқызы Гүлсән, Інжу Қайыржанқызы, Сейдахметова Гүлзат, Ақбота Тәліповалар жатқа оқып берді.

Жергілікті ақын Қуаныш Баймағамбетовтың шығармашылығы жайында №210 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы Қаражанова Фарида тәлім-тәрбиелілік өз ой-пікірлерімен бөлісіп, бүгінгі мәдени шараның жоғары деңгейде өткізіліп жатқандығын айтып, кітапхана қызметкерлеріне шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта да кітапханамен тығыз байланыста болып, осындай көпшілік шаралардың жасөспірімдерге пайдасы мол екендігін айтып, мұндай шаралар әрі қарай да жалғасын таба берсін. – деді.

Мәдени шарада арнайы ұйымдастырылған «Сырдың саңлақ сүлейі» атты кең көлемді кітап көрмесімен кітапханашы Асан Гүлмайра таныстырып, әдебиеттерге шолу жасады.