Сырдария аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қорқыт мұралары – халқымыздың баға жетпес құндылығы» атты тарихи-танымдық кеші


Түбі бір түркі халықтарының ортақ ойшылы саналатын атақты ақын, дәулескер күйші, философиялық мазмұны аса терең аңыздардың кейіпкері Қорқыт бабамыз баршамаздың рухани болмысымыздың алтын арқауы болып табылады. Егемендікке қол жетіп, өзінің өткеніне көз жібере бастаған қазақ халқы үшін Қорқыт бабамыз қалдырған гуманистік ниеттегі дидактикалық мұралардың маңызы өзгеше зор дер едік. Өйткені оның осыдан он ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан өсиет қағидалары қоғамымыздың бүгінгі тыныс- тіршілігімен де жақсы үйлесім тауып отыр.Аңыз бойынша Қорқыт бабамыз артына адамның өлімнен қашып құтылғандығы, оның ғұмырын жарық дүниеде бітіріп кеткен жасампаздық ісі мен өшпес өнері ғана жалғастыра алатындығы туралы данышпандық пәлсапалық байлам қалдырды. Осы ғаламат ой әрбір саналы жанның ғұмыр бойы темірқазық етіп ұстар бағдаршамы болуға лайық десек қателеспейміз. Мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт атаның тарихилығын, көркемдік ерекшелігін таныту, оның өнегеге толы нақыл сөздері мен күйлерінің шығу тарихымен таныстыра отырып, жастарды елін, жерін сүюге, жамандық пен жақсылық шегін айыра білуге тәрбиелеу мақсатында Сырдария аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Қорқыт мұралары – халқымыздың баға жетпес құндылығы» атты тарихи-танымдық кеші өткізілді.Мәдени шарада жастарға жалпы адамзат баласы үшін Рухани жаңғырудың қаншалықты маңыздылығы жөнінде айтылып, бүгінгі ұрпақпен сол рухани жан азығы арқылы жібін үзбей, байланыста жүрген Қорқыт атаның аңыз бен ақиқатқа толы өмірі мен оның өміршен өнері туралы әңгімеленді.Осындай данагөй атаның нақыл сөздеріне келгенде жеткіншек жастар өздерінің біліктіліктерін көрсетіп,оның өмірден түйген ұлағатты сөздерін бірінен кейін бірі іліп әкетіп айту арқылы жеткізді. Кеш барысында сонымен қатар Қорқыт ата мен егіз қобыз аспабы жайлы кеңінен айтылып, бірнеше күйлерінің шығу тарихы таныстырылды. Иса Тоқтыбаев атындағы № 35 мектеп-лицей шәкірттері Ақтоты Дайырбектің орындауындағы «Қорқыт – қобыз» өлеңі мен Маратова Алтынайдың қобыз аспабындағы күй орындау өнері көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленді.Киелі қобыз аспабының жасалу тарихы жөніндегі «Қобызым» атты өлеңді қазақтың қара домбырасымен кітапханашы Серікбаева Ләззат тамаша жеткізді. Мәдени шара соңында «Өмір жырын толғаған ұлы баба» атты кең көлемді кітап көрмесімен кітапханашы Г.Әбенова таныстырып, 3 адам кітапханаға жаңадан оқырман болып тіркелді.