Сырдария аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты жергілікті қолөнер шеберлерімен кездесу кеші


Сырдария аудандық орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Жұлдызды сәт» жобасы бойынша «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты жергілікті қолөнер шеберлерімен кездесу кеші өткізілді. Шараның мақсаты -қазақ ұлттық қолөнерінің ерекшеліктерімен таныстыру, оның халықтың салт-тұрмысында алатын орнының қаншалықты маңызды екендігін ұғындыру, төл мәдениетімізді қастерлеуге баулу, қолөнершілердің шығармашылығын насихаттау, олардың еңбектерін көпшілікке таныстыру, әсіресе жастардың қызығушылығын ояту. Кеш барысында шеберлер: ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Ж.Маханбет, он саусағынан өнер тамған тігіншілер А.Қожақова мен Н.Ажар алға қойған мақсаттары жайында айта келе, халық өнері шеберлік мұраларының қазіргі кезеңдегі жағдайы, сондай-ақ өнердің адамның дүниетанымына, сенімі, адамгершілік қасиеттері, эстетикалық талғамдарының қалыптасуына, алға қойған мақсаттарының айқындала түсуіне игілікті ықпал ететіндігі туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Адамның көпшіл, қоғамшыл болып өсуі үшін де өнерлі болудың маңызы зор екендігіне тоқталды. Қолөнер шеберлері өз қолынан шыққан ең үздік бұйымдарын көрсетіп, жасалу технологиясымен таныстырды. Кеш барысында ауданымыздың өнерпаз жастары өнерлерін ортаға салып, арнайы шақырылған қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйласа, агроколледж ұстазы А.Қожақованың шәкірттері қазақи үлгіде тігілген, қол жетімді киімдерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.