Аудандық орталық кітапханада «Әл-Фараби кемеңгерліктің ұлы тұлғасы» атты кең көлемді кітап көрмесі


Шығыстың ұлы ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар

Ақпан айының 22 жұлдызында аудандық орталық кітапханада Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әл-Фараби кемеңгерліктің ұлы тұлғасы» атты кең көлемді кітап көрмесімен әдістемелік бөлім меңгерушісі И.Қартбаева таныстырып, көрмеге қойылған әдебиеттерге шолу жасады. Кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге шолу барысында ұлы тұлғаның еңбектерімен қоса, әл-Фараби әлемін тыңбай зерттеп, бірнеше кітап жазған ғалым Ақжан Машанидің еңбектері де назардан тыс қалған жоқ. Кітап көрмесі таныстырылымының заңды жалғасы жастар арасында өткен «Шығыстың ұлы ғұлама ойшылы – Әбу Насыр әл-Фараби» атты рухани-танымдық кешке ұласты. Кітапханашы Г.Әбенова Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған ғұламаның өнегелі өмір жолымен таныстырып, бір ғана адамның бірнеше саланы меңгеріп, қатар алып жүрген зеректігіне, ақыл- ойдағы жігер-күшіне тоқталып өтті. Келесі кезекте кітапханашы С.Сейтен ұлттық рухани зердеміздің көкжиегін кеңейте түсетін ұлы ұстаздың «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген тұщымды қағидаттарымен, оның ғибратты нақыл сөздерін таныстырып өтті. Мәдени шара барысында әл-Фараби өлеңдерінен үзінділер оқылды. Шараға қатысқан жастар атынан сөйлеген агроколледж студенті Берік Құдайберген сегіз қырлы, бір сырлы ғұламаның данышпандығы үлгі боларлық тағылым екенін жеткізе отырып, алдағы уақытта да осындай шараларға ат салысатынын айтты.