Асқар Тоқмағамбетов


Асқар Тоқмағамбетов (1905-1983)

Асқар Тоқмағанбетов 1905 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында кедей шаруаның жанұясында туылған. Әкесі Тоқмағанбет арабша хат танитын, адалдықты, әділдікті сүйетін кісі болған. Ол 1930 жылы дүние салған. Ақынның шешесі Ақжан 1945 жылы қайтыс болған, оны білетіндер «қой аузынан шөп алмайтын» өте жуас кісі болған деседі. Ақжанның жеті қызы болған. Ұлы болмай тарығып жүргенде Асқар туыпты. Бұл жайды еске алғанда ақынның өзі «жеті қыздың желкесінде жүріп өсіппін» дейді. Асқар әуелі ауылдық мектепте Жайсаңбай деген молдада оқиды. 20-шы жылдардың алғашқы жартсында Ташкентте су шаруашылық техникумында, ал 30-шы жылдың алғашқы жартсында Мәскеуде баспасөз қызметкерлерін дайындайтын институтта оқиды. Бірақ түрлі себептермен институтты бітіре алмайды. Ол республикалық, облыстық газет-журналдарда және Қазақстан Жазушылар одағында істейді.

Асқардың ақындық шеберлігі ерте басталады. Ол ауылда хат танып, оқып жаза білгеннен былай қарай, өлең-жырға үйір болды. Ақын ауыл арасындағы жастар айтатын өлең жырдан бастап, Орта Азия халықтарының дастандарына дейін бәрін зейін қойып оқып, танысып поэзияның нәрлі бұлағынан еркін сусындайды.

Асқар алғашқы кездегі әдебиетке әуестену туралы өзі жазған өмірбаянда былай дейді: «Әкемнің аздап жазатыны бар еді. Әсіресе осы кезде Шораяқтың Омары, Қаңлы, Кете Жүсіптер, Данмұрын тағы басқа осы ақындардың көбірек жазатын айтыс болған. Ауылдағы әнші ақындардың тобына көп еріп жүретін едім. Солардың ішінде атақты ақын Қаңғы Жүсіп деген ақынға көбірек еліктеуші едім» дейді ақын.

Республикамызда ақын Асқар Тоқмағанбетов атына қанық емес кітап оқушылары жоқ десек артық айтқандық болмас. Ол кісі қазақ совет поэзиясымен бірге жасап, біте қайнасып келе жатқан әйгілі қалам қайраткерлердің бірі. Ақынның жасампаз заманымыз жайында жазылған жалынды жырлары, уытты сатираларды жұрт жадында жатталып қалған.