Оразбаев Иран-Ғайып


Оразбаев Иран-Ғайып

1947 жылы 7 маусымда Қызылорда облысы, Сырдария ауданында туған. Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін (1970), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген (1980). Әр жылдары Қызылорда облысы «Білім» қоғамында референт, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында поэзия бөлімінің меңгерушісі, ҚР Білім, мәдениет комитетінің редакциялық-репертуарлық коллегиясының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1998 жылдан Қазақтың мемлекеттік Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен балалар театрының әдебиет бөлімін басқарды.

Алғашқы «Жүрек жырлайды» атты жыр жинағы 1974 жылы жарық көрді. Кейін қазақ халқының драмалық-поэзия қорына рухани асыл қазына болып қосылған «Тың құрбаны», «Хайуандық комедия», «Күшігінен таланған», «Мен ішпеген у бар ма?», «Батқан кеменің бейбақтары», «Желжуан», «Құдай қарғағандар», «Жамбылдың қызыл жолбарысы», «Негізгі шаруа», «Қанына тартқан қыңырлар», «Алтын адам», «Алтын ажал», «Киелі күнә», «Хан–Абылай–Сабалақ», «Жәбек-шаған», «Гүл-Нәр», «Театр Романы», «Қорқыттың көрі», «Мауглидің оралуы», «Махамбет», «Қашғария», «Былыққа батқан қала», «Керкеткен» атты драмалық дастандарын жазды. Ақынның «Глаза ночи» (1983), «Царь слова»(1984), «Наследник» (1988) атты кітаптары орыс тілінде жарық көрді. 1990 жылы үш томдық, ал 2006 жылы 13 томдық таңдамалы жыр жинағы жарық көрді.

2002 жылы «Қорқыттың көрі» атты жыр кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш өткен жазба ақындар жыр-мүшәйрасының бас жүлдегері.