Сақтапов Мұхтар


Сақтапов Мұхтар

Сақтапов Мұхтар Жаңалханұлы 1936 жылы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. 1955 жылы осындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Қызыл Армия қатарына шақырылған. Ауылға келген соң аудандық газетке корректор болып орналысты. Аудандық газетте үзіліссіз 40 жылдай жұмыс жасап, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, баспахана директоры,жауапты хатшы болды.

Асқар Тоқмағамбетов атамыздан бата алып, бір топ өлеңдері облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. Содан бастап өлеңдері республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жиі шығатын болды. Сықақ өлеңдері «Арада» басылып, Шымкент, Кентау, Алматы қалаларында өткен республикалық, аймақтық жас ақын-жазушылардың кеңестеріне қатысып қаламы ұштала түсті. Редакцияда жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мәдениет үйі жанындағы «Оңаша» ойын-сауық отауының тұрақты авторы. «Оңаша» ойын-сауық отауы күні бүгінге дейін халыққа өз қызметін көрсетіп келеді. Сол кездегі «Құрақтың Досжаны» атындағы ұлт-аспаптар оркестріне және театр үйірмесіне «Халықтық» құрметті атақтарды алуға тікелей ат салысқан ақынымыз.

Мұхтар Сақтапов-Сыр өңірінде өнімді жыр жазып келе жатқан талантты ақын. Оның қаламынан туындаған асқақ ойлы, тілі шұрайлы, мазмұны мағыналы, өткір де, пікірлі өлеңдері оқырмандарын толғаныс пен сезімге жетелейді.

Қырық жылдан астам уақыт бойы қолынан қаламы түспей, туған жер, еңселі ел мен еңбек ерлерін, өмірдің бар қыры мен сырын үзбей жырға қосып келе жатқан талантты ақын, ардагер азамат. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Аудандық редакция жанындағы ардагерлер ұйымы ның төрағасы. Мұхтар Сақтапов облыс және республикалық баспасөз беттерінде жиі жарияланып келеді. Мұхтар айтысқа да қатысқан ақын.

Бүгінде Мұхтар аға кішкене ғана ғұмыр-дерегін замандастарына, балаларына, айтарлықтай жаңалық болмаса да немере-шөберелерінің есінде қалуына кітап жазуды қолға алған екен. Ақын өмірінен өз өмірін іздер, қоғам туралы толғаныс, келешек үшін ізденістеріне көмегі тиер дегені болу керек.

2007 жылы Алматы қаласынан Халықаралық «Дала» журналының кітапханасынан «Көңіл шуағы» атты тұңғыш жыр кітабы жарық көрді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Аудандық редакция жанындағы ардагерлер ұйымының төрағасы.

2013 жылы Қызылорда қаласындағы «Қызылорда-Қанағаты» ЖШС баспаханасынан «Қайырлы таң, туған жер!» атты жыр жинағы жарық көрді. Кітапта жылдар бойы жинақталып дәптерлерінде жатқан ой-толғамдары, өрнекті өлеңдері, замандастары жайлы очерктері, естеліктері, арнаулары, балаларға базарлығы, әзіл-қалжыңдары да кітаптың негізін қалап отырғанын байқатады.

Мұхтар Сақтапов ақын сырын ішіне сақтаған, құпиясы мол, тереңдігі ағыстар тәрізді көзіне көріне бермейтін жұмбақ тұлға. Ол осы қасиетімен өзгелерден ерекшеленеді.

Саналы ғұмыры көпке үлгілі ақынның отбасындағы абыройы да асқақ. Ұл-қыздарының барлығы әралуан салада жемісті еңбек етіп, әке сенімін, ана үмітін ақтаған перзенттер. Жұбайы Несібелі апай екеуі баспасөз саласында еңбек етіп жүріп, шаңырақ көтеріпті. Үлкен ұлы Бағдат жеті бала тәрбиелеп өсірген, екінші ұлы Алмат француз компаниясында жауапты қызмет атқарып жүр. Қыздарының үлкені Света Сақтапованың есімі жергілікті жүртшылыққа жақсы таныс. Ұзақ жылдардан бері білім беру саласында еңбек етіп ж.рген жан аудандық оқушылар үйінің директоры. Тағы бір қызы Шәрипа Сақтапова республикалық «Астана» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі. Ең кенже ұлы Махмұд аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарады. Бірнеше әннің әуенін жазған сазгер. Ұл-қыздарынан өрбіген немере-шөберелері де білімді де білікті жандар. Мәселен, немересі Әсет «Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалында саяси жұмыстар бөлімінің консультанты қызметін атқарса, Абзал №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде жұмыс жасайды. Басқа да Айнұр, Айшабибі сынды немерелері атасына ұқсап аудандық, облыстық жыр-мүшәйраларында жеңімпаз атанды, өз ортасында абыройы бар тәрбиелі ұрпақ саналады.

Еңсесін еңбекпен тіктеген халқымыз «Абыроймен қартаю-теңдессіз бақыт» деген даналық сөзге аса мән береді. Шынында да ел алғысына кенеліп, көпке сыйлы жан атану өмірдегі ең қымбат жетістік. Бұл ретте, тыл және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 65,70 жылдығы», «Конституцияның 20 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері, әр жылдарда облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатын, Қазақстан журналистер одағының құрмет Грамотасын алған ақын қазіргі таңда аудандық «Тіршілік тынысы» газеті жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы. Өзінің табиғи дарынымен, туабітті ақындық қасиетімен бедел биігіне тұрақтаған ақын Мұхтар Сақтаповтың жүріп өткен жолы, саналы ғұмыры көпшілікке үлгілі екені анық. Олай болса, сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты ақынға ұзақ өмір, зор денсаулық, алар асуыңыз биік болсын дей отырып, қаламыңызға қанат бітіп, жырларыңызды оқырман қауым қызыға, сүйсіне оқи берсін дейміз. Әдебиет әлемінде айшықты орны бар ақын ағамыз аман болсын!