Танаш Дәуренбеков


Танаш Дәуренбеков
(1927-2000)

Танаш Дәуренбеков 1927 жылы Қызылорда облысы Тереңөзек ауданының Н.Ілиясов ауылында туған. 1943 жылдан бастап Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты «Оқтябрь» бастауыш мектебінде, «Ортақшыл» орта мектебінде мұғалім болып қызмет істеген.

1949 жылы Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы пединститутының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Содан кейін он екі жылдай туған облысында халық-ағарту қызметінде болды. Т.Дәуренбеков 1963 жылы «Қазақстан пионері» қәзіргі «Ұлан» газетінің бөлім меңгерушісі, 1964-66 жылдары «Жазушы» баспасының редакторы міндеттерін атқарды. 1966-86 жылдары жазушы «Білім және еңбек» журналының фантастика-публицистика бөлімін басқарды.

Танаш Дәуренбеков біржолата қаламгерлік жұмысқа 1962 жылдан бастап бет бұрады. Оның алғашқы «Бір түйменің әлегі» атты балаларға арналған әңгімелер жинағы жазушы баспасынан 1963 жылы жарық көрді. Жарық көрген көптеген шығармалары оқушылардың жылы ықыласына бөленіп, әдебиет сарапшыларының әділ бағасына ие болды. Жазушы қазақ балалар прозасына өнімді еңбегімен айтарлықтай үлес қосқан, қазақ оқырмандарына «Сыр балалары», «Он бес жыл өткен соң», «Өкіл әке», «Сүмбіле» повестері мен қатар «Біз әлі кездесеміз», «Кездескен деген осы», «Енді қайтып кездеспеспіз» атты трилогиясы және «Таң атып келеді» романдарымен кеңінен танымал. Оның шығармалары жас жеткіншектерді туған жерді, Отанды сүюге баулитын қадір-қасиеті мол туындылар.