Қалтай Мұхамеджанов


Қалтай Мұхамеджанов
(1928-2001)

Қазақтың белгілі драматургы және театр танушысы Қалтай Мұхамеджанов 1928 жылы 24 желтоқсанда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. Қалтай Мұхамеджановтың балалық шағы қиыншылықпен өткен. Он жасында әкесі «халық жауы» атанып, бейкүнә атылып кетті. Ташкент, Мәскеу жағалап, оқу іздегенде, алдынан «халық жауының» баласы деген қара даққа кезігумен болды.

Ташкенттегі Орталық Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетіне түспек болғанда, оны «халық жауының» баласы деп қабылдамай қояды. Енді қайттым деп тұрғанда, оған таныстары сол қаладағы әдебиет институтына бар, оған кім болса соны қабылдайды деп кеңес береді. Ол әдебиет институтына түсіп оқып жүреді. Бір жылдан кейін бір ауылдасы Ташкеннтке келіп, хал-жағдайын сұрап біліп алады. Көп уақыт өтпей-ақ Қалағанның үстінен институтқа арыз келіп түседі де, оқудан шығып қалады. Бұл кезде Ташкентте Мәскеуден «космополиттігі» үшін қуылған біраз ғалымдар дәріс оқып, жұмыс істеп жүрген. Қалаған оқудан қуылып, институттың алдына шығып тұрғанда оның қасына профессор Михаил Морозов келіп: «Қалтай енді қайда жүргеніңді ешкімге айтпа, пойызға билет алда, «Мәскеуге бар» дейді. Өз үйінің мекен-жайын береді. Қалағаң Мәскеуге келіп, Морозовтың үйіне түседі. Москвадағы Луначарский атындағы ГИТИС-ке түсіп, оның драматургия факультетін бітіріп, сонда ассисент болып қалады. Кейін Алматыға келіп Фарида есімді қызбен бас қосады.

Өміршең шығармалардың осы кезде бірінен соң бірін туындатса да қасақана қолдан қойылған кесір кедергілерден құлашын көпке дейін жаза алмайды. «Бөлтірік бөрік астында» әрең сахнаға шықты. «Жат елде» пьесасының билетісатылып қойылғанның өзінде сахнаға қойдырмады. КГБ-ның тергеуіне түсті. Не керек Қ. Мұхамеджанов аяқтан шалудың неше атасын көрді.Осыншама қиыншылықтар Қ.Мұхамеджановты майыстыра, қайыстыра, сындыра алмады, іштей егілгенмен езілмеді, мойымады, қайта шыңдала, шыныға түсті, бәрін де жеңді. Тарихта қазақтың Қалтайы болып қалды.

Халық жазушысы, талантты драматург Қалтай (азан шақырып қойған аты-Ғалиолла) Мұхамеджанов діни сауатты Бұхара медресесін үздік бітірген Мұхамеджан  Нұрекеевтің яғни атағы жер жарған Қара молданың ұрпағы. Енді Қалтай Мұхамеджановтың әкесі туралы сыр шертсек, Мұхамеджан-Арқа мен Cырға әйгілі оқымысты, ғұлама Нұрмұхамед (лақап аты Тапал ахун) ахунның шәкірті, Бұхарадағы «Мир-араб» медресесін үздік бітірген ғұлама ғалым. Халық арасында «Қара молда» деп аталу себебі ол кісінің өңінің қаралығынан емес, қараша сөзінің ескі түрікше беретін «ұлы» деген мағынасына байланысты. «Қара молда» дегеніміз «ұлы молда» деген ұғымды береді. Мысалы «Қара хандықтар дәуірі» «ұлы хандықтар» деген мағынаны береді. Мұхамеджан медресені софылық дәрежемен тәмамдаған, сегіз тілде таза сөйлеген. Араб, парсы, шағатай, түрік, өзбек, түрікмен, қырғыз, орыс тілдерін өте алғыр да зерек, зерделі, шариғатқа терең теолог-ғалым болған кісі. Құранның аяттарын, пайғамбардың хадистерін жатқа біледі екен деседі.

Зеректігі соншалық, құран аяттарының кітаптың қай бетінде, нешінші қатарда дейін есінде сақтайтынын көзбе-көз қариялар кезінде жыр етіп айтады екен.

Қазақтың қырғи тілді ақыны Асқар Тоқмағамбетов, халық ақыны Қуаныш Баймағамбетов, белгілі қоғам қайраткері Төлеген Дәуітбаевтар Мұхамеджан молданың шәкірттері.. Қалтай Мұхамеджанов әке дәстүрін біздің заманымызда өзінше жалғастырған талант иесі.

Содан кейін өмірінде Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігінде (1953-58), «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жұлдыз» журналында, Мемлекеттік кино Комитетінде жауапты қызметтер атқарған. 1968-1988 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, Кинематографистер одағы басқармасының екінші хатшысы болып істеді. 1998 жылдары республикалық «Ара-Шмель» журналының, «Жаңа фильм- новый фильм» журналының, халықаралық «Заман-Қазакстан» газетінің бас редакторы болды. Өмірінің соңғы шағында «Түркістан» газетін ұйымдастырып, соның бас редакторы қызметін атқарды. Драматургтың тұңғыш пьесасы «Бөлтірік бөрік астында» 1959 жылы жазылған. 1961 жылы «Құдағи келіпті», 1964 жылы «Қуырдақ дайын», 1967 жылы «Жат елде», 1972 жылы қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірге «Көктөбедегі кездесу» 1987 жылы «Біз періште емеспіз» пьесалары сахналанған. 1959 жылы «Сиқырлы шымылдық жинақтары жарық көрген. Мұхамеджанов пьесалары республикалық, облыстық және Англия, Болгария, Венгрия, Моңғолия, театрларында қойылған. «Шыңдағы шынар», «Айман- Шолпан» киносценарийлердің авторы., С.Айнидың «Құлдар», Айбектің «Киелі қан» романдарын, М.Горкийдің «Тоғышарлар», Б.Рахмановтың «Жүрек сырлары», А.Қаһардың «Ауру тістер», Ш.Айтматовтың «Ана- Жер- Ана», «Арманым Әселім» «Ақ кеме» пьеса, повестерін, Шығыс классикасынан «Мың бір түнді» қазақ тіліне аударған. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.