Әбділда Тәжібаев


Әбділда Тәжібаев
(1909-1998)

Ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының халық жазушысы, жерлесіміз Әбділда Тәжібаев 1909 жылы 4 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, одан соң КСРО Жазушылар одағы жанындағы жоғарғы әдеби курста оқыған. Содан кейінгі жылдары журналистика саласында еңбек етті. Қазақтың көркем әдебиет баспасында жұмыс атқарған ол, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, секретарь, «Қазақ әдебиеті » газетінің бас редакторы, ҚР Ғылым академиясындағы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі қызметтерінде болған.

Әбділда Тәжібаев қазақ поэзиясында сүбелі үлес қосқан белгілі ақын. Оның өлеңдері 1927 жылдан бастап коллективті жинақтан басталып ондаған кітаптары оқушы қауымның сүйіп оқитын кітабына айналды. «Жаңа ырғақтар» «Аралдар» «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Көне қоңырау», «Өмір және поэзия», «Ойлар толғаныстар», «Алданның хаттары» тәрізді сын эссе, проза кітаптары бар. «Жүректілер» атты пьесалар жинағы драматургия саласындағы еңбегінің айғағы.

Аударма саласында Пушкиннің, Гейненің, Шевченконың бірқатар шығармаларын қазақшаға аударған. Ә.Тәжібаевтің лирикасы-позициясы берік тенденциялы күрес лирикасына толы. Лирикасының басты қасиеттерінің бірі күрес толы ойға, сезімге бай бола тура сөзге сараңдығы. Өлеңді ықшам жазады, негізгі ойға қатысы жоқ артық суреттеу, артық жол, артық сөздер кездеспейді. Лирикасындағы осы профессионалдық мәдениеті қазақ лирикасын биік өрге, кең өріске шығарып, жаңа бір қонысқа бастағаны байқалады. Поэмалары: «Құлғара», «Қобыланды батыр», «Олқылық», «Құтқару», «Оркестр », «Портреттер», «Күй атасы», «Еске алу», «Катерина», «Толғау», «Темірші», «Дос туралы», «Ақын» т.б.

Әбділда Тәжібаев «қазақ поэзиясының лирикасын, поэма жанрын биікке көтерді» деген құрметті атаққа ие болды. Әбділда Тәжібаев 1998 жылы 23 қыркүйекте 89 жасында дүние салды.