Әбіраш Жәмішұлы


Әбіраш Жәмішұлы
(1928-1995)

Әбіраш Жәмішев 1928 жылы желтоқсан айының 5-ші жұлдызында Қызылорда облысы Тереңөзек ауданы «Шіркейлі» кеншарының Далакөл деген жерінде дүниеге келеді.

1956 жылы КазМу-дің журналистика факультетін бітірген. Соңғы курста жүргенде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында қызметке орналасқан. Содан бастап, өмірінің ақырына дейін «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Социалистік Қазақстан», «Заман Қазақстан», «Түркістан» секілді республикалық газет-журналдарда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болған.

1965 жылдан бері оның оннан астам жыр кітабы оқырман қауымның қолына тиді. Әдеби сынға атсалысты, көркем аудармамен де шұғылданған.

Оның аударуында Хафиздің, Физулидің ғазалдары «Ұлы ақындар кітапханасы» сериясы арқылы қазақ оқушыларына жетті. Сондай-ақ ол А.С.Пушкиннің, А.Исааяканның, Айбектің, М.Исаковскийдің бірталай өлеңдерін, А.Вознесенскийдің «Ланжюмо», С.Шипачевтің, армян жазушысы Г.Эминнің «Армения туралы жеті жыр» кітабынан «Жазбалар жырын», тәжік ақыны М.Қаноатовтың «Вахш толқындары» деген атпен өлеңдері мен поэмалар жинағын, Қ.А.Йасауи хикметтерін аударған.

«Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған. Сырдария ауданының Шіркейлі ауылындағы мектепке Ә.Жәмішевтің аты берілген.

Әбіраш Жәмішұлы қазақ қауымына әуелі майталман журналист-публицист ретінде танылды. Бірақ ол әдебиеттің бір ғана жанрының шеңберінде тұтқын болып қалмады. Құдай берген қабілет-дарынын еркін қолданып, төрт салада бірдей жемісті жұмыс жасады. Олар – поэзия мен әдебиет сыны, публицистика және аудармашылық өнері.