«Зерделі жырдың зергері» атты поэзия кеші


Іңкәрдария ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Кітапхананың оқу залында қазақ халқының рухани мәдениетінің ірі тұлғаларының бірі Төлеген Айбергеновтың 80 жасқа толуына орай «Зерделі жырдың зергері» атты поэзия кеші өтті. Кеш өтетін орын талапқа сай безендіріліп, кітап көрмесі жасалынған. Көрмеге ақынның жыр жинақтары мен ақын жайлы айтылған дәйекті сөздер жазылып, суреттері қойылды.

Кештің мақсаты Төлеген Айбергеновтың өмір жолы мен асыл мұраларын оқырман қауымға таныстыру арқылы жас ұрпақты өз Отанын сүюге тәрбиелеу, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық тәрбие негіздерін қалыптастыру.

Кеш барысында оқушылар Қырықпа Інжу, Кәлим Әсем, Мұхтар Салтанат және Жақсылық Аружан ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, кітапхананың тұрақты оқырманы Кенесариева Нұрила ақынға арнаған арнауын оқыды. Сонымен қатар Смайлова Ботакөз де ақын Төлеген Айбергенов туралы ақын – жазушылардың жазған ой – пікірлерін айтты.Бұл кеште кітапхананың белсенді оқырманы Мұсаева Күнім апай өткізілген кеш жайлы өз пікірін айтып, оқушыларға рахметін жеткізді. Осындай шараларға үнемі қатысып, кітапты көп оқуға шақырды. Кеш соңында кітапханашы «Сағынып келіп, сағынтып кеткен ер еді» атты кітап көрмесімен таныстырып, кітаптарға библиографиялық шолу жасап өтті.