«Ауған соғысының жарасы ешқашан жазылмайды» атты кездесу кеші


       Сырдария аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен оқу залында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына байланысты, сол кезде қатерге бел буып, батырлық, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған Ауған соғысы ардагерлеріне арналған  «Ауған соғысының жарасы ешқашан жазылмайды» атты кездесу кеші ұстаздар, мектеп оқушылары, ардагерлер, БАҚ өкілдері арасында өткізілді. 

Мәдени шара барлығы орнынан тұрып, Қазақстан Республикасының Гимнін орындаудан басталды.

Кездесу кешін Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Майра Балмағанбетова жүргізді. Ауған соғысында болып, аман-есен келіп, осындай ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз ардагерлер  Нарымбетов Жұмаділда, Арғымбаев Кәрімжан ағаларымыз келіп қатысып, сол сұм соғысты  өз көздерімен көргендерін, Ауған соғысы туралы естеліктерін айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Мектеп оқушылары Ауған соғысына арналған «Тасқа айналған тағдырлар», «Соңғы хат» атты өлең-жырларын жатқа оқып берді.

       Мәдени шараның мақсаты: Ауған соғысының тарихымен оқушыларды таныстыру. Соғыстың қасіретін ұғындыру. “Ауған соғысы” жайлы тереңірек біліп тану, соғыс ардагерлері туралы мәлімет алу. Өз Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі-өнеге ету. Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.  Мәдени шарада «Ауғанстан – жүректегі жара» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, әдебиеттерге шолу жасалды.

Мәдени шараның соңында барлық қатысушылар Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан боздақтарды орнынан тұрып, 1 минут үнсіздікпен еске алды.