«Кең болсын қазағымның керегесі,құтты болсын Әз Наурыз мерекесі» атты салт-дәстүр кеші


22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануарлар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы еріп,қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кілем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жеті түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып,дүйiм халық, мұқым ел ауызбіршілікте болады. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай Сырдария аудандық орталық кітапханада «Кең болсын қазағымның керегесі,құтты болсын Әз Наурыз мерекесі» атты салт-дәстүр кеші кітапхана ардагерлері, қызметкерлері және белсенді оқырмандардың қатысуымен өткізілді. Мақсаты: Дәстүр мен мәдениетті насихаттау арқылы, жастарға рухани азық беру, жаһандану кезеңінде ұлттық мұраларды ұмытпауға шақыру болып табылады. Бүкіл тіршілік аталуының түрленіп, жаңаруы, мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздерін кеңінен насихаттау.Шара барысында наурыз мерекесі жайлы түсінік беріліп, шашу, беташар дәстүрлерінен көрініс көрсетілді. «Наурызым,Алашқа қуат берсін нәр-уызың» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, таныстырылды.