«Білімді жастар-ұлт болашағы» тақырыбында жоғары  сынып оқушылар арасында болған   интеллектуальды сайыс


Сәуір айының 19 жұлдызы күні  Сырдария аудандық ішкі саясат  бөлімінің қолдауымен , «IZET» қоғамдық қорының  ұйымдастыруымен «Жастар саясатын жүргізу»  қызметін  көрсету  жобасы аясында «Білімді жастар-ұлт болашағы» тақырыбында жоғары  сынып оқушылар арасында болған   интеллектуальды сайысы аудандық орталық кітапханада өткізілді.

     Сайыстың мақсаты: Оқушылардың дүние танымдарын кеңейту, тіл байлығын, сөздік қорларын молайту, логикалық ойлау қабілеттері мен шығармашылық қиялын дамыту. Оларды туған тілімізді сүюге, туған елін, жерін құрметтейтін саналы, ізденімпаз ұрпақ етіп тәрбиелеуге баулу.

     Мәдени шараны жүргізіп отырған кітапханашы сайыс шымылдырығын  «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет» – деген Елбасы Н.Назарбаевтың жүйелі сөзімен ашып, сайыскерлерді қошеметпен ортаға шақырды. Оларды төрт кезең бойынша өткізілетін сайыс ережелерімен жан-жақты таныстырып өтті.

Сайыскерлер 1- кезең «Бәйгеде» 5 сұраққа жылдам әрі тез жауап беріп отырса, 2-кезең «Поэзия сәтінде» қазақ ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан оқылған үзіндіден,оның авторларын табу керек болатын,          3-кезең  үш тұғырлы тілдің туын асқақтатып, «Полиглот» сайысы арқылы берілген сұрақтардың жауабын қазақ,орыс,ағылшын тілдерінде айтса, ең соңғы 4-кезең «Қызықты деректер» айдарымен өткен сайыста да қатысушыларымыз өздерінің жан- жақты білімділіктерін көрсете білді.

Ұйымдастырылған мектеп аралық сайыстан ауданымыздың үш мектебі де қалыс қалмай,түгел қатысып, өте жақсы нәтеже көрсетті. Дегенмен ұпай саны айырмашылығына орай №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі 1-орынды,№ 210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектеп 2-орынды және №36 Ә.Тәжібаев атындағы  мектеп-лицей 3-орынды иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.Сонымен қатар сайысқа қатысушы 12 жас өренге алғыс хаттар табысталды.