«Латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениетке ілесу»тақырыбында  дөңгелек үстел болып өтті.


20 сәуір күні аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен  Елбасының «Болашаққа бағдар : рухани жаңғыру»бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында «Латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениетке ілесу»тақырыбында  дөңгелек үстел болып өтті. Аталмыш шараға  Сырдария аудандық  ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбенұлы Хайрулла, ардагер ұстаздар Үмбетаева Роза,Омарова Дина,ауданның жастары мен тұрақты оқырмандар қатысты.

Мақсаты: Латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы кеңінен ақпарат тарату,қоғамдық пікір қалыптастыру.Қоғамда өздерін көрсете және өз еліне пайдалы бола алатын,Жаңа Қазақстан Патриотизмнің құндылықтары мен мұраттары жүйесін иеленетін патриот ұрпақ тәрбиелеу.

Кіріспе сөзбен кітапханашы Абенова Г. ашып: «Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру»атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын  әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты.Сондай-ақ ,Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып,уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті.Демек, көп ұзамай кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды.»-деп айтып өтті.

Шара барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбенұлы Хайрулла сөз алып: « Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шешімі өте құптарлық. Әрине, бұл жолда түрлі кедергілер кездесетіні түсінікті жайт. Сондықтан «шешінген судан тайынбас» деген қағиданы бетке ұстап, нар тәуекелге барғанымыз жөн. Алға ұмтылған адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Мәселен,егде жастағы кісілерден ғөрі жастар тез үйреніп кетеді.Себебі , латын қарпі мен ағылшын тілінің әріптері өте ұқсас келеді. Әркім осы науқанға өз үлесін қосса, бұл іс көп кешікпей жемісін береді деген үміттемін»-деді.

Ағылшын тілінің мұғалімі болған,ардагер ұстаз Үмбетаева Р.өз  пікірін ортаға салып: « Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде кириллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ.»-деді.

Шара барысында жастар латын графикасы негізінде қазақ әліпбиін  табиғи таза қалпында сақтауға мүмкіндік беретін қажеттіліктер туралы өз пікірлерін ортаға салды. Ел болашағы үшін қабылдап отырған маңызды шешімге қолдау көрсету,жақсыны үйренбекке ұмтылу, жүрегі «елім»деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндет болмақ.

Шара соңынды кітапханашы жиналған қауымды «Латын әліпбиі-рухани тәуелсіздігіміздің тұғыры»атты кітап көрмесімен таныстырып шолу жасады