«КОВОРКИНГ » Жетікөл ауылдық кітапханасында


4 мамыр күні саған 15-00 де Рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын Жетікөл ауылдық кітапханасында заман талабына сай «КОВОРКИНГ » орталығының ашылу салтанаты болып өтті. Салтанатты шараға Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев , аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Г.Нұржакиева, ауыл ардагерлері Б.Байболов, С.Жұмабаева, қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов, әйелдер кеңесінің төрайымы С.Төребаева,Жетікөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ө.Тоқпанбетов , ауыл жастары қатысты. Шара барысында ауылдың қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов ашылғалы тұрған рухани орталықтың ауыл халқына қажеттілігін және ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалануына мол мүмкіндік екенін айтып алғысын жеткізді. Одан соң Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев сөз алып «Коворкинг» орталығының кітапханаға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін адамдарды тартудың жаңа әдісі екенін айтты. Биылғы «Жастар жылы» аясында ашылып жатқан бұл орталықтар ел болашағы жастарға қолдау көрсету екенін жеткізді. Сондай –ақ Жетікөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ө.Тоқпанбетов бұл орталықтың ауыл халқының бірлесе,ақылдаса жұмыс істеуіне, бизнес-тренингтер мен түрлі шеберлік сағаттар,т.б. өткізілуіне қолайлы орын екенін айтып құттықтады. Ауыл ақыны Көзейбай Қанат «Коворкинг» орталығының ашылу рәсіміне өзінің жүрекжарды «Арнау» өлеңін оқыды.Ауыл жастарының игілігіне берілгелі тұрған коворкинг орталығының лентасын қию рәсімін Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Төрәлиев және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Байболов жасады. Сонымен қатар осы шара барысында «Коворкинг» орталығында ақын, жерлесіміз Ибрагим Исаевтың 70 жылдығына орай «Жүрек сырын шерткен ақын» атты жыр сағаты өткізілді. Кітапхананың белсенді оқырмандары Д.Кеңесова, С.Нұрланқызы, Г.Маханбетжан, Ұ.Тұрсынәлі ақынның адамгершілік пен адалдыққа тәрбиелейтін өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқыды. Шара соңында кеш қонағы С.Төребаева ақын И.Исаевпен бір оқу орнында оқығанын, оның жаны жайсаң, адал азамат болғаны жайлы естеліктер айтты. Шара соңында ауыл ақсақалы Б.Байболов ақ батасын берді.