«Коворкинг орталығының» ашылу салтанаты өтті.


Мамыр айының 4 жұлдызында Жастарға мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын Амангелді ауылдық модельді кітапханасында аудан әкімінің қолдауымен заман талабына сай «Коворкинг орталығының» ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Жеңіс Үсенұлы, кітапхана директоры Гүлстан Сансызбайқызы , Амангелді ауылының құрметті ардагері Бұрханов Жамбыл, ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары, мекеме қызметкерлері, ауыл ардагерлері, ауыл жастары, Қуаныш Баймағамбетов атыңдағы мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты. «Коворкинг» сөзі бірлесе жұмыс жасау деген мағынаны білдіреді. Заманауи орталық келген адамға өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік беріп, кітапханада жұмыс істеу үшін барлық жағдайлар жасалатындығы жайлы бөлім басшысы Жеңіс Үсенұлы айтып, шараны ашты. Құттықтау лебізін білдірген ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Бұрханов Жамбыл атай лентаны кесу рәсімін жасады. Шара өту барысында ауыл жастары арасында «Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» атты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзия сағаты өткізілді. Кітапханадан ашылған орталықтың жастар үшін үлкен мүмкіндіктер екенін кітапхана директоры Г.Сансызбайқызы айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.