Дарынды ақын Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдық мерей тойына орай «Рухани жаңғыру айнасындағы жарқын есімдер» атты рухани-танымдық кеш өтті.


Сырдария аудандық орталық кітапханада Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ел тыныштығына елеулі үлес қосқан, дарынды ақын Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдық мерей тойына орай «Рухани жаңғыру айнасындағы жарқын есімдер» атты рухани-танымдық кеш өтті. Мәдени шараға қатысқан ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенов, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Ш.Нұрсейітов Күдеріқожа жайлы қызықты мәліметтер айтты. Ал Күдеріқожадан тараған Қожжан қожа мен Қылыш қожа ұрпақтары Ж.Маужанов пен Б.Палмахов ұрпақтар сабақтастығы жайлы әңгіме қозғады.Кеш барысында ақынның «Қарқаралы,Қазылық» толғауынан үзінді оқылып, алтынның сынығы, қазақтың Қалтайына арнап жазған С.Оспанның «Қалағаңа» атты өлеңі оқылды. Әсіресе Күдері мен Ұлбикенің айтысын сахналаған Ербол Сағынбайұлы мен Әсел Бәйменнің өнері көпшілік қауымның көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.Мәдени шараны қорытындылаған мекеме басшысы Г.Нұржакиева әпербақан заманда өмір сүре жүріп, артына ұмытылмас із қалдырған Күдеріқожа сынды бабалар рухын Рухани жаңғыру айнасында жарқыратып, алдағы уақытта да жас ұрпаққа бірге насихаттай берейік деп кеш қонақтарына өз алғысын білдірді.