«Сырды жырлаған ақын аға» атты кездесу кеші


Аудандық орталық кітапханада 2016 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында тәу еткен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ақын А.Тоқмағамбетовтың батасын алған, бүгінде поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, өлеңдері арқылы өнегелік пен өрелікті қатар өріп, оқырман қауымды жыр-бұлақпен сусындатып жүрген жергілікті ақын Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұхтар Сақтаповтың шығармашылығына арналған «Сырды жырлаған ақын аға» атты кездесу кеші ұйымдастырылып, өткізіліді. Мәдени шарада ақын Мұхтар Сақтаповтың құрдасы, бүгінде аудандық ардагерлер кеңесін басқарып отырған Х.Әбенұлы:-Біздің сыныпта 4 ақын болды.Олар Есен Көшербаев,Төлепберген Тобағабылов, Ізхан Досмағамбетов және Мұхтар Сақтапов. Барлығы елге танымал өнер иелері атанса, Мұхтар аға ауданнан алыстамай, туған өлкені жырлаумен келеді.Туған елін шын сүйетін нағыз патриот-деді. Сөз кезегінде ақын ағаның шәкірті аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы ұстазына деген жылы лебіздерін айтып, өз қаламынан туындаған «Өлең немесе Мұхтар Сақтапов туралы жыр» атты арнауын оқып берді. Ақын Мұхтар Сақтапов өз сөзінде талай ақындармен қатар жүріп, әдебиет әлемінде орын алғаны үшін ақынның шабытына шабыт қосқан Сыр топырағына айтар алғысы мол екенін айтып өтті.