Сырдария Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бойынша тақырыптық конференциясы


Сырдария Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қаңтар айының 21 жұлдызында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бойынша тақырыптық конференция өткізілді.

Мақсаты: Еліміздің отыз жыл ішінде жеткен жетістіктерін айта отырып, Егемендіктің мәңгілік үштағаны-байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз және бойтұмардай береке–бірлігімізді көздің қарашығындай сақтау керектігін жастарға насихаттап жеткізу.

Тақырыптық конференцияда кітапханашы Р.Құлмаханова- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жазылған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы осы жылдар аралығындағы мемлектіміздің жетістіктерін көрсетеді. Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады.Бұл-қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес.Мақала биылғы жылдың ерекше маңызды екенін меңзеумен басталды. Өйткені 30 жылда қазақ елі егемендігіне қол жеткізіп, дамудың даңғыл жолына түсті. Экономикалық әлеуеті артып, аз ғана уақыт ішінде әлем елдерімен терезесі тең мемлекетке айналды. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы зор жетістік екенін айтып өтті.

С.Сейтен: Биыл желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады Мемлекет басшысы « Таным мен тағылым» атты бөлімінде бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата – бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа сақталуы тиіс деген жүйелі сөз қозғады. Тәуелсіздік жолында төгілген қан, аққан тер де аз емес. Бүгінде тарихтың тереңіне үңілсек, ата – бабамыз ғасырлар бойы «Ұлым құл болмаса, қызым күң болмаса екен» деп тілеп, азат халық, тәуелсіз ел болуды аңсаған. «Тәуелсіздік қарлығаштары» деп атап жүрген бойында қаны қайнаған, азат рухты азаматтарымыздың жүрегін жылдар бойы шымшылаған «Қайтсек егемен ел боламыз» деген ізгілікті ой – арман, мақсат – мұраттар желтоқсан көтерілісінін туындауына себепші болған еді. Және бұл жалынды отқа оранған, жұдырықтай жүректері Отан деп соққан, саналы жастарымыз еді.

Л.Жұмабаева: «Қоғам мен құндылық» атты тақырып бойынша сөз өрбітіп, оның ішінде ардақты ана тіліміз жайлы айтып өтті. Мемлекет басшысы Егемендігіміздің үштағаны-Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз.Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан ынта-жігеріміз арта берсін, көкірек көздері ояу әрбір Қазақстандық ана тіліміздің мәртебесін арттыра берсін деп өз пікірін білдірді.